«Востокцветмет» командасы тағы да топ жарды

Өскемендегі «Восток» алаңында әуесқойлар арасында футболдан өткен ашық қала біріншілігі өз мәресіне жетті. Биылғы ала доп бәсекесінің жеңімпазы жарыс соңына дейін футбол жанкүйерлері үшін де, төрешілер үшін де беймәлім болғанын айта кетейік.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін футбол додасында биылғы маусымда 11 команда бақ сынасты. Оның ішінде, сайыс басталғалы жеңістен басты үміткер саналған құрамалар да болды. Атап айтар болсақ, «Востокцветмет», «Имсталькон» сынды тәжірибелі ұжымдар көрермендерді өздерінің үздік ойындарымен қуанта білді. Өзара мықтыны анықтаған доп додасында әрбір команда жеңіске деген жігертанытып, бірін-бірі алма-кезек ұтумен болды.
– Осы күзде өтіп жатқан жарыс ерекше қызықты өтті. Барлық команда жақсы дайындықпен келді. Тек жарыстың соңғы күнінде жүлдегерлер белгілі болды.Жыл сайын біріншілікке қатысатын футбол ұжымдары санының көбейіп келе жатқандығына қуаныштымын, – деді Шығыс Қазақстан облысы футбол федерациясының атқарушы директоры Оралбек Әділханов.
Тартысты өткен ойындарда өскемендік «Востокцветмет» футбол командасы өткен жылғы жетістіктерін қайталап, қалалық біріншіліктің жеңімпазы атанды. Ең соңғы ойында бұл ұжым бұған дейін бірнеше рет облыс кубогын иемденген «Имсталькон» командасынан айласын асырып кетті. Ал, «Марқакөл» құрамасы қызықты өткен ойында «Риддер-ЛНП» командасын тізе бүктіріп, тұғырдың екінші сатысына жайғасты. Жалпы жарыс қорытындысына келсек, «Востокцветмет» бірінші орын, «Марқакөл» командасы екінші орын, ал, «Имсталькон» құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Ауа райының күрт суып кетуіне орай, марапаттау рәсімі «Восток» алаңының ішіне ауыстырылды. Ең үздік ойын көрсеткені үшін Михаил Величкин марапатталып, арнайы алғыс хат табыс етілді. Төрешілер шешімімен Роман Бологоцкий «Ең үздік қорғаушы» атанса, ұйымдастыру комитеті тәжірибелі ойыншы Вечяслав Эрбесті «үздік шабуылшы» деп таныды.