Язык сайта Язык сайта

«Риддер-ЛНП» қалалық Біріншіліктің жеңімпазы

«Риддер-ЛНП» қалалық Біріншіліктің жеңімпазы
Өскеменде Елордамыз Астана қаласының 20-жылдығына орай өткен футболдан әуесқой командалар арасындағы қала біріншілігі өз мәресіне жетті.

«Восток» футбол алаңында тоғыз ұжым тартысты ойын көрсетіп, жүлделі орындарды сарапқа салған еді. Жыл сайынғы турнир биыл жаңа жеңімпазды анықтауға мүмкіндік берді. Облыстық футбол Федерациясы Қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Адылхановтың айтуынша, жүлдеге лайық команданың есімі соңғы турға дейін беймәлім болған. Тек біріншіліктің аяқ тұсында кей ұжымдар суырылып шыққан екен.

 – Бастапқыда он команда еді, алайда турнирды тоғызы аяқтады. Ойындар айтарлықтай тартысты өтті. «Меркурий-Строитель» ұжымы үшінші орынға сенімді жайғасса, жеңімпаз есімі біріншілік соңына дейін белгісіз болды, – дейді Оралбек Адылханов.

Үшінші орынның иегері анықталып қойса, соңғы екі жыл қатарынан үздік шыққан «Востокцветмет» командасы және «Риддер-ЛНП» футболшылары турнирде топ жаруға барын салды. Соңғы кездесуде қос ұжым тең ойнап, тек жинаған ұпайы бойынша «Риддер-ЛНП» аяқдопшыларының мерейі үстем болды. Сөйтіп, «Востокцветмет» командасы оның алдында бір рет қарсыласына есе жіберуі себебінен, екі ұпайға қалып қойды. Нәтижесінде бұл жолы күміс жүлдеге қанағат етті. Ал «Риддер-ЛНП» араға жылдар салып, турнирдың үздігі атанды.

 Ұйымдастыру комитеті әдеттегідей, жоғары деңгейде өнер көрсеткен қатысушыларға арнайы номинациялар тағайындады. Барлық тур аясында қарсылас қақпасынын 21 рет саңылау тапқан «Меркурий-Строитель» ойыншысы Юрий Кобзев «Үздік сұрмерген» атанды. «Риддер-ЛНП» сапынан Рамазан Мусин «Үздік қақпашы» атанса, Самат Беков «Востокцветмет» командасынан «Үздік қорғаушы» деп танылды. Тағы бір «Риддер-ЛНП» ұжымынан«Үздік жартылай қорғаушы» деп Елдос Айтжанов ерекшеленсе, әділ төрелік еткен Сергей Шустов «Үздік төреші» номинациясына ие болды.

Жуырда облыс біріншілігі бастау алмақ. Бұл жолы Семейде өтеді. Сапалы ойын көрсете білген «Востокцветмет» және «Риддер-ЛНП» футболшыларының бұл біріншілікте жеңіске жетуге толық мүмкіндіктпрі бар. Яғни, бұл ретте облыстың абсолютті жеңімпазы анықталатын болады.

 

                                                ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі