Язык сайта Язык сайта

Роллерлік көпсайыстан облыстық біріншілік өтуде

Роллерлік көпсайыстан облыстық біріншілік өтуде
Өскеменде роллерлік көпсайыстан әртүрлі жастағы ерлер және әйелдер арасында облыс чемпионаты өтуде.

Облыс орталығындағы жарыста балалардан бастап, ересектерге дейін бақ сынасуда. Олар 11 жас ерекшелігі бойынша жарыс жолына шықты. 11 жастан кіші ұлдар мен қыздардан бастап, 60-жастан жоғары санаттағы спортшылар өз қабілеттерін байқауда. Мұнда өскемендік көпсайысшылардан бөлек, Семей қаласының, Зырян, Глубокое, Күршім, Шемонаиха және Бородулиха аудандарының өкілдері келіп қатысуда. Барлығы пневматикалық мылтықтан ату, күштік гимнастика және роллер жарысынан кім мықтыны анықтауда.

 – Бұл сайыс алдағы республикалық додада өнер көрсететін облыс құрамасын жасақтау мақсатымен өткізілуде. Сонымен қатар бапкерлердің жаз маусымындағы жұмысын қорытындыламақпыз, – деді сайыстың бас төрешісі Владимир Гуляшов.

Чемпионат екі күнге жалғасады. Сайыстың үш түрі бойынша ортақ ұпай шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болмақ. Жоғары нәтиже көрсеткендері тамыздың 10-да Көкшетаудағы республикалық жарысқа жол тартады.

 

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі