Язык сайта

ШҚО-да спорттық дәрігерлердің біліктілігін

ШҚО-да спорттық дәрігерлердің біліктілігін
Өскеменде жаттықтырушылардың, спорттық дәрігерлердің және облыстағы жоғары жетістіктер мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары мамандарының біліктілігін арттыру бойынша семинар өтуде.

Шараның алғашқы бөлігіне ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысты.

 –Ең алдымен, өз тәжірибелерімен бөлісіп жатқан мамандарға алғыс білдіргім келеді. Өздеріңіз байқағандай, кешелі бері спорт саласына қатысты бірқатар тың дүниелер айтылып жатыр. Бастапқыда спорттың жан-жақты дамуы жайлы ойлар айтылса, енді міне, мамандар келіп, олардан допинг мәселесіне қатысты ақпараттар алып жатырсыздар, – деді басқарма басшысы.

Үш сағатқа созылған жиын барысында, негізінен спортта қолдануға тиым салынған препараттарды тұтынған кездегі денсаулыққа тигізер зияны мен жазалау шаралары жайлы сөз қозғалды. Оның ішінде, допинг тестілеу процессін бұзған жағдайда немесе одан өтуден бас тартқан кезде әкімішілік жазалау шаралары қандай болатыны кеңінен айтылды.

 –Мұндай зиянды затты қолданған жағдайда, адам өз мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары нәтиже көрсетеді. Ал, бұл – «таза спортты» дәріптеуге өз кеселін тудырады. Осындай жағдайда, оларға қолданылар тиісті әкімшілік жазалар да бекітілген, – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Медицина факультеті спорттық медицина және оңалту кафедрасының медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Исаева.

Келген мамандар спорт тарихында тиым салынған препаратты қолданған атлеттер өмірінен үзінді келтірді. Атап айтсақ, Олимпиада ойындарында аталмыш дәрі-дәрмек құрамынан адамға күш беретін препарат құрамының шектен тыс көптігі олардың ажалына себеп болған. Сондай-ақ, шара барысында «ластанған азық-түлік» жайлы жақсы пікірлер айтылды. Яғни, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың медицина ғылымдарының кандидатының айтуынша, кез-келген тұтынушы бір зат аларда, қаптамасында оның құрамы көрсетілмеуі мүмкін. Онда кінәлі адамды іздеуде мұқият болғаны жөн екендігін баса айтты.

Семинардың екінші бөлігін «Өскемен Медициналық колледжі» КМҚК-нің оқытушысы Сергей Давыдов жүргізді. Мұнда жиынға қатысушылар жаттығу кезінде спортшы жарақат алған жағдайда, оған көрсетілер көмек туралы ақпаратқа қанық болды. Іс-шара барысында қандай жарақат болмасын, жылдам және дұрыс көмек көрсетілсе соғұрлым нәтижелі болатыны айтылды.

 – Спортшы қандай келеңсіз жайтқа тап болса, ол оның дайындығының аздығынан  немесе жаттығу кезіндегі шектен тыс ауыртпалық салдарынан болады. Бұл кезде медициналық маман болмаса, бапкері болсын, бірге жаттығатын серіктері болсын, қобалжымай, жағдайға қарап лезде дұрыс көмегін беріп, қауіптің алдын алуға болады, – деді Сергей Давыдов.

Бұл оқытушының айтуынша, спортта көбінде естен тану жағдайы орын алады. Осындай кезде, оның дем алысын тексеру керек. Дем алысы қалыпты болса, ағзаға көмірқышқылдың жетуін қарау қажет. Яғни, бұл дегеніміз – жарақат алған жан тәттіні тұтынып, жүрек соғысын қалыпқа келтіре алады. Сондай-ақ, семинардың екінші бөлігінде Сергей Давыдов «Базалық жүрек-өкпелік реанимация» жайлы маңызды ақпарат берді. Нақтырақ айтсақ, жүрек соғысы тоқтап немесе баяулағанда, тоқтаусыз қан аққан кезде көрсетілер көмек жайлы жан-жақты түсіндірді. Процесстің тәжірибе жүзінде қалай болатынына көз жеткізу үшін, қатысушылар арасынан еріктілер шығып, әрекеттерді іс-жүзінде маникенге орындап көрді.

Семинар соңына қарай, спорт мектептерінің директорлары мен жаттықтырушылары өзара пікір алмасып, келген оқытушыға сұрақтарын қойды.