Язык сайта Язык сайта

Сұлтан Құрманалиев Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленді

Сұлтан Құрманалиев Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленді
Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен күрес түрлерінен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында шығысқазақстандық спортшы Сұлтан Құрманалиев үздік нәтиже көрсетті.

Аталмыш сайыс 21 елден келген 400 спортшының басын қосты. Құрлықтың үздік балуандары бақ сынасқан додада ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының «Семей қаласы бойынша №1 ШҚО олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» КММ тәрбиеленушісі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Берік Алимов, Самғат Даутбеков және Роллан Көксегеновтың қол астында жаттығатын жас спортшы 45 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Алғашқы айналымда Сұлтан Моңғолия елінің өкілін 10:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Келесі белдесуінде өзбекстандық спортшыдан айласын асырып, ақтық сынға шықты. Алайда, алтын медаль үшін болған бәсекеде тәжірибелі ирандық балуанға жол береді.

Айта кету керек, еркін күрес шеберлері осы чемпионатта командалық есепте сәтті өнер көрсетті. Барлығы 10 салмақтың 8-інде жүлдегер атанды. Оның ішінде 7  күміс және бір қола медальға иелік етті. Ал, жалпыкомандалық есепте жас балуандар Иран елінен кейін екінші орынға сенімді жайғасты. Үздік үштікті Өзбекстан елінің спортшылары қорытындылады.

comments powered by HyperComments