Язык сайта Язык сайта

ШҚО-да паралимпиадалық ат үйретуден ҚР чемпионаты өтті

ШҚО-да паралимпиадалық ат үйретуден ҚР чемпионаты өтті
Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында паралимпиадалық ат үйретуден II ел чемпионаты және конкурден ашық жекелей жарысы өтті.

Өскемендегі «Титан» ат-спорты кешеніне шығысқазақстандық салт аттылардан бөлек, төрт аймақтан келіп өз мүмкіндіктерін байқады. Атап айтсақ, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан 30-дан астам спортшы жиналды. Айта кетейік, аймақ намысын «ШҚО-дағы Ақ Тай мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі және ШҚО-дағы «ҚР ат спорты Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің спортшылары қорғаған еді. Сайыстың ашылу салтанатында ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құстыбаев қатысушыларға жылы лебіз білдіріп, сәттілік тіледі.

 – Спортшылар санының жыл санап артып келе жатқандығы қуантады. Сайыс жоғары деңгейде өтіп, әркім өзінің нәтижесін жақсартсын деген тілектемін. Барша қатысушыға сәттілік серік болсын, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Бәсеке паралимпиадалық ат үйрету, КЮР және ат үйрету бойынша өрбіді. Бұл додада Диас Ескермесов, Айдос Жылқышынов, Елена Шишаева сынды тәжірибесі толысқан жандар да жүлделі орындар иелену үшін жарыс жолына шықты. Сайыс күрделілігіне қарай бірнеше санатқа бөлінді. Әрқайсысында салт аттылар сенімді өнер көрсетіп, жоғары дайындықпен келгендіктерін байқатты. Қарағандылық Айдос Жылқышынов бұл жолы да бабында екен. Сайысты «Тинтек» атты тұлпарымен алғаш болып бастап, қазылар тарапынан жоғары ұпайлар иеленді. Жас қатысушылардың бірі Диана Оралбек Дерби санатында сынға түсіп, межелеген жерге жылдам, әрі қателіксіз жете білді.

Сонымен қатар, осы жолы алғаш рет облысымызда конкурден 14 жас және одан жоғары жас ерекшелігінде ел чемпионаты қатар өтті. Мұнда 10 спортшы жүлде үшін өзара «кім мықтыны» анықтады. Жас ерекшелігіне қарай әртүрлі биіктіктерді бағындырды. Тіпті «бекемдікке секіру» бойынша аймақ рекорды орнатылды. ШҚО-дағы «ҚР ат спорты Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің спортшысы Евгений Троеглазов «Янтарь» атты сәйгүлікпен 110 см биіктікті еңсеріп, жеңімпаз атанды. Ал командалық есепте шығысқазақстандық қатысушылардың дайындығы жоғары болды.

Ұйымдастырушылар аталмыш жарыстың кең ауқымда өтуіне үлкен қолдау танытып келе жатқан аймақ басшысы Даниал Ахметовке алғыстарын білдірді. Еліміздің ат спорты Федерациясының Паралимпиадалық ат спорты Департаментінің диреторы Елена Черникованың айтуынша, осындай сайыстар нәтижесінде алдағы Токио Олимпиадасында ел намысын қорғайтын спортшылар іріктелмек.

Чемпионат қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер төмендегідей анықталды:

Бесінші деңгейлі жекелей сыйлық

1 орын – Сұлтан Жасыбай (Ақтөбе облысы) 69, 392 ұпай

Төртінші деңгейлі жекелей сыйлық

1 орын – Айдос Жылқышынов (Қарағанды облысы) 60, 853 ұпай

Үшінші деңгейлі жекелей сыйлық

1 орын – Райхан Байханова (ШҚО) 70, 882 ұпай

2 орын – Айғаным Ермекова (ШҚО) 66, 250 ұпай

Бірінші деңгейлі жекелей сыйлық

1 орын – Елена Шишаева (ШҚО) 73,035 ұпай

КЮР бойынша үшінші деңгей

1 орын – Айғаным Ермекова (ШҚО) 77,071 ұпай

2 орын – Райхан Байрханова (ШҚО) 72, 946 ұпай

Дерби Тестінен төртінші деңгей

1 орын – Диана Оралбек (ШҚО) 60, 882 ұпай

Дерби Тестінен бесінші деңгей (14 жасқа дейін)

1 орын – Анастасия Брейм (ШҚО) 60,882 ұпай

Дерби Тестінен төртінші деңгей

1 орын  – Диас Ескермесов (ШҚО) 61,470 ұпай

2 орын – Екатерина Минаева (ШҚО) 61, 176 ұпай

Дерби Тестінен екінші деңгей

1 орын – Алексей Черенков (ШҚО) 55,845 ұпай

Бастапқы ат үйрету В Тесті (14 жастан жоғары)

1 орын – Ансаф Масалимов (Қарағанды облысы) 66,388 ұпай

2 орын – Ринат Бектұрсынов (ШҚО) 64, 861 ұпай

3 орын – Ирина Толкачева (ШҚО) 55,694 ұпай

3 орын – Ильяс Кенбаев (Маңғыстау облысы) 55 638 ұпай

Бастапқы ат үйрету А Тесті

1 орын – Елена Шишаева (ШҚО) 75, 535 ұпай

2 орын – Алмас Исанов (ШҚО) 69,821 ұпай

2 орын – Айбек Тлеуов (Маңғыстау облысы) 71,428 ұпай

3 орын – Вячеслав Эрбес (ШҚО) 65, 535 ұпай

3 орын – Шалқар Ақмолдаев (Маңғыстау облысы) 63, 392 ұпай

4 орын – Талғат Жолдасбаев (Маңғыстау облысы) 50, 178 ұпай

 

                                                                                  ШҚО Дене шынықтыру және спорт

                                                                                  басқармасының баспасөз қызметі