Язык сайта Язык сайта

ШҚО-да Елбасының бастамасын қолдау аясында аймақтармен телекөпір өтті

ШҚО-да Елбасының бастамасын қолдау аясында аймақтармен телекөпір өтті
Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Сенің жаңа қырың» челленджін қолдау аясында өзге өңірлермен ауқымды телекөпір өтті.

Аталшым шара еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтауымен басталды. Әр өңірдің спорт кешенінде өткен телекөпірде ел мерейін асқақтатып жүрген бірқатар спорт жұлдыздары қатысты. Астана төрінде бұл челленджге Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит, осы төртжылдықта әйелдер күресінен күміс медаль иеленген Гюзель Мамнюрова, «Қазақстан барысы» республикалық турнирының жеңімпазы Ұлан Рысқұл, бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сапиев сынды маңдай алды спортшылар қолдау білдірді. Айтаулы шараға ат салысуға ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысты.

 – Құрметті жерлестер, спортшылар, осындай шараның өтуін құптай отырып, баршаңызды спортпен айналысуға шақырамын. Біздің аймақ спортта әрдайым үздік көрсеткішке ие. Ел көлемінде «отандық хоккейдің шеберханасы» деп аталатынымыз, өңірде қысқы спорттың кең етек алып келе жатқанын аңғартады. Ендеше, тек қысқы емес, спорттың жалпы дамуы үшін осы челленджді бірге қолдайық, – деді басқарма басшысы.

 Шара – бұқаралық спортты дамытуға бағытталды. Спорттық телекөпір Елордамыз Астанадан бастау алып, ол жерден Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарымен бейнебайланысқа шықты. Аймақ атынан осы шараны қолдауға фристайлдың  могул түрінен Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева, спорттың осы түрінен жақсы нәтиже көрсеткен Павел Колмаков, Дмитрий Рейхерд, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов және өзге де талантты атлеттер келді. 

Өскемендегі челлендж акциясына 1000-ға жуық адам қатысты. Телекөпір аясында спорт саласының үздіктері Астанада шеберлік сағаттарын өткізді. Спорттық шара барысында бейнебайланыс арқылы өзге өңірлер де оны тамашалауға мүмкіндік алды. Артынша әр өңірдің спортшылары жалпылама дене жаттығуларын жасады.